«Көне заман тарихы»
Жаңаарқа өңірінің қола дәуірі ескерткіштері
Экспозицияда қола дәуірінің мұралары құмыра сынықтары, найза және жебе ұштары, алтын моншақ бөлшегі, мойын-алқа (қола гривна), жебенің басын құюға арналған қалыптарды көруге болады.
Диорамада қола дәуірінің заманында өмір сүрген адамдардың тұрмыс салты бейнеленген.
Көне заман айғақтары сыр шертеді атты бұрышта тарихи көне - ескерткіштер – кезінде Шоқан Уәлиханов жазбасы бойынша 9 – 11 ғасырларда жасалды деп шамалаған «Жұбан ана» ескерткіші өткен ғасырдың 80 жылдары қайта өңделген. Музейде сондай-ақ белгілі азаматтардың мазарларының архитектуралық өзгешелігі бар бейіттердің суреттері бар. Оның ішінде атақты Бәйеш батырдың, Құтжан қажының бастарындағы ескерткіштердің көріністері берілген.
Жалпы қазақ жұрты білген батырлар – Нияз, Нұрбай, Байдалы би, Төлебай сал, Балабақсы, күйшілер Сайдалы Сары Тоқа, Ықылас Дүкенұлы, Дайрбай Ерназарұлы және Шоң Телғозыұлының тұлғаларының майлы бояумен салынған портреттері ілініп тұр. Портреттерді суретші Ораз Мақаев салған.
Зал ортасында Ақтау бекінісінің көрінісі келтірілген. Авторы суретші Ғазиз Жұмабеков. Бекініс орнына табылған оқ-бытыра, түйме, монеталар және құжат көшірмелері шыны астына қойылған.
Шабден Ералиевқа ашылған бұрышта Ш.Ералиевтің фото суреттері, құжаттары көшірмелері қойылған.
«Туған жер табиғаты» диорамасы. Диорамада Қараағаш мекенінде Бұзаубұлақ деген жердің табиғаты бейнеленген. Диорамада Қызыл кітапқа еңген киіктің аталығы мен аналығы, түлкі және кекілік көрсетілген. Диорама авторы суретші Ғазиз Жұмабеков.
«Ашаршылық зобалаң жылдары» бөлімінде сол жылдары репрессия құрбандарының фотосуреттері, ашаршылық жылы қайтыс болған жерлестеріміздің жерленген Қарамоладағы зиратының фото суреті, сол жылдары еңбек еткен қайраткерлердің суреттері қойылған. Карлаг филиалы болған Ақтайлақ мекендегі түрме және барак суреттері мен қысқаша тарихы қойылған.
Саты.
Сәкен Сейфуллиннің кілемге тоқылған бейнесі.1964 жылы Сәкенге 70 жыл толуына байланысты Алматы тоқыма фабрикасы жасаған.
«Сәкен Сейфуллин өмірі және шығармашылығы» залы
«Сәкеннің арғы - тегі, туыстары», «Өсу жылдарында», «Төңкеріс жылдары» және «Зұлмат жылдары» бөлімдерінде Сәкен Сейфуллинге қатысты майлы бояумен салынған портреттер фотосуреттер, құжат көшірмелері қойылған.
Сәкен Сейфуллиннің кезіңдегі күй табақ, Сәкеннің бірінші әні жазылған пластинка, Сәкен пайдаланған етік құралдары тапсырған Асқартегі Тайтөлеу, Сәкен ұстаған ыдыс аяқтар аққұман және 2 кесе тапсырған Мәжит Сейфулиннің жұбайы Әмина. Сәкен Сейфуллиннің шәйі шапаны Өзбекстанға іс –сапарда болғанда Сәкенге тарту ретінде берілген.
Шыны астында Сәкеннің шығармалар топтамасы «Тернистый путь», «Айша», «Хамит в погоне за бандитом» «Сыр сандықты ашып қара», «Қызыл сұңқар» күй табағы, Сәкен Сейфуллин туралы жазылған кітаптар, Сәкеннің уақытында ұстаған былғары портфель Кеңес Үкіметі кезінде 30-50 жылдары қолданған жазу машинкасы қойылған.
«Сәкен тойына тартулар» бөлімінде Ақсудан Ілияс Жансүгіровтің бюсті, Сәкеннің Астаналық туыстары сыйлаған қара құмыра және екі қызғылт құмыралар, Ақтоғайдан Сәкен портреті тұр.
Болат Қайранбековтың шиден тоқылған Сәкеннің портреті, Қызылордадан тарту Сәкен Сейфуллин және Ахмет Байтұрсыновтың күріштен жасалған портреті, Бейімбет Майлиннің майлы бояумен салынған портреті.
Сәкен Сейфуллиннің бюстісін 90 жылдық мерейтойына орай Н.И.Чугуевтың тапсырысымен В.В.Андрющенко мусінші гипстен жасаған.
Мемлекет және қоғам қайраткері болған Жанайдар Сәдуақасовқа «Халықтың ардақты ұлы – Жанайдар» атты бұрышта фотосуреттер, құжат көшірмелері қойылған.
«Жаңаарқа тарихы» залы
Бұл залда «Ауданның құрылуы», «Теміржол құрылысы», «Теміржолшылар», «1941-1945жж», «Тың игеру» бөлімдерінде еңбегі сіңген қайраткерлер, ардагерлер фотосуреттері, қолданған заттары қойылған.
«Ауылшаруашылығы», «Медицина», «Білім», «Ғалымдар», «Қолөнершілер», «Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткерлер», «Ауған соғысына және Чернобыль АЭС апатына көмек берген сарбаздар», «Ақын және жазушылар», «Мәдениет» және «Спорт» бөлімдерінде өздері еңбек еткен салаларда абыройлы болған ел азаматтарының бейнелері бар. Төменгі сөрелерде әр салада қолданған құралдар қойылған: қол іс машинасы, аяқ электр машинасы, тігін цехында қолданған іс машиналар, механикалық есептеуіш машина «Феникс», үстел лампысы, күй табақтар қойылған.
Ақселеу Сейдімбекке арналған «Тұғыры биік тұлға» бұрышта ұстаған заттары қалам, қойың дәптері, тарағы, бәкі, шақша құтысы, нарды, есімхаттар, құжат көшірмелері, кітап сыртқы мұқабалары, фотосуреттер қойылған.
«Ғасыр адамы» бұрышында Темірғали Көкетаевқа ашылған бұрышта фотосуреттер және құжат көшірмелері бар.
Бокстан қазақтан шыққан алғашқы спорт шебері Ғалым Жарылғаповқа арналған бұрышта әр жылда өткізілген турнирлердің сувенирлері шыны астына қойылған.
Қаңтар оқиғасының құрбаны болған, ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған Аманов Айбатқа арнайы «Айбынды ұлан – Айбат» стендісінде ұстаған заттары мен фотосуреттер қойылған.
«Этнография» залы
Төрде киіз үйдің жартылай бөлшегі – шаңырақ, уықтар, керегелер, Рымкеш Әлтаева жасаған топы. С. Сейфуллиннің 110 жылдық мерейтойына Ақтоғайдан тарту домбыра, ауданымыздың 80 жылдық тойына домбыра шебері Сарыбас Жүнісов жасаған домбырасы қойылған. Ақ киізден жасалған қоржын, кесеқап, жастықсалғыш, көрпешелер, әбдіре, адалбақан, қасқыр, түлкі және қарсақ терілері ішігі ілінген. Киіз үйдің ортасында дөңгелек үстелде ағаш табақша, тостағандар, майшамдар қойылған.
Қазақ ұлттық қыз-келіншектер, ер азаматтардың киімдері, күмістен және жезден жасалған әшекей бұйымдарына арналған бұрыш бар. Шыны астында шолпылар, қапсырмалар, күміс және жез жүзіктер, күміс және жез білезіктер, шыны ішінде қыз, келіншек және әженің қазақ ұлттық киімі қойылған.
Ағаш және металлдан қолдан жасалған ыдыс аяқтар қайың табақтар, ожау, кепсер, тостаған, жез легендер, келі және келісабымен, қазан тағанымен, самаурын, диірмендер қойылған.
Ат әбзелдері үзеңгілер, доға, қамшы, шідерлер арнайы стендке қойылды. Күмістелген ер – тоқым. Ұста Рақымжан Смайылов жасаған.