Бала қауіпсіздігі - қоғам келешегі
Бала – өмірдің мәні, қоғамның ең қымбат қазынасы. Әрбір баланың күлкісі – ата-ананың қуанышы, әрбір арманы – елдің үміті. Сондықтан 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні ерекше мағынаға ие. Осы орайда, мереке қарсаңында Сәкен Сейфуллин атындағы Жаңаарқа аудандық тарихи-өлкетану музейінің ұжымы ерекше мерекелік шара ұйымдастырды.
Бұл күні мүмкіндігі шектеулі ерекше балаларға арналып түрлі ойындар, шығармашылық байқаулар және көңілді қойылымдар өткізілді. Мүмкіндігі шектеулі балаларға ерекше көңіл бөлу – адамгершіліктің ең биік көрінісі. Олардың әрбір жетістігі – үлкен жеңіс, әрбір қадамы – қоғам үшін сабақ. Балаларға қолдау көрсету арқылы біз мейірімділік пен теңдіктің құндылығын дәріптейміз.
Балаларға қуаныш сыйлау мақсатында түрлі қызықты ойындар, шығармашылық тапсырмалар және көңілді бағдарламалар өткізілді. Жағымды атмосфера қалыптастыру мақсатында "Амандасу шеңбері" құрылып, қонақтар бір-біріне жылы лебіздерін білдірді. “Әуенді тоқтат”, “Жәдігерді таны”, “Моторика”, “Кім жылдам”, “Топтасу”, “Сымсыз телефон” сынды қызықты ойындар ойнау арқылы, шара барысында балалардың жүздерінен шаттық пен қуаныш байқалды. Балалар өз өнерлерін паш етіп, ән айтып, би билеп, сурет салып, қолөнер бұйымдарын көрсетті. Әрбір қатысушының еңбегі мен талпынысы көпшіліктің көңілінен шығып, көрермендерге шаттық сыйлады. Олардың жүзіндегі күлкі мен қуаныш – ең үлкен марапат болды.
Бұл игі іс қоғамдағы мейірім мен қамқорлықтың айғағы болып, жас ұрпаққа ізгілік пен адамгершіліктің үлгісін көрсетті. Ата-аналар мен әлеуметтік қызметкерлер де балалардың белсенділігін мақтан тұтып, олардың болашағына сенім білдірді.
Шара соңында музей ұжымы барлық қатысушыларға денсаулық, бақыт және жаңа жетістіктер тілеп, балаларға сыйлықтар мен алғыс хаттар табыстады.
Бұл мереке – әрбір баланың бақытты балалық шағын қорғау, олардың армандарын қолдау және қоғамдағы тең мүмкіндіктерді дәріптеу күні. Бұл күн тек мереке емес, ол жауапкершілік пен міндетті еске салатын күн. Әрбір ересек адам баланың болашағына үлес қосуға тиіс. Өйткені бүгінгі бала – ертеңгі азамат, елдің тірегі.
https://muzei-atasu.kz/kz/zhanaly-tar/166-bala-auipsizdigi-o-am-keleshegi.html#sigFreeId8df593a57e






