Алдан Смайылдың 80 жылдығына арналған “Қазақ тілінің жанашыры” дөңгелек үстел өтті.
8 қазан күні қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы әрі публицист Алдан Смайылдың туғанына 80 жыл толуына орай елеулі мәдени шара – дөңгелек үстел өткізілді. Басқосуға Б. Амалбеков атындағы тірек мектебі, А. Сейдімбек атындағы ЖББ мектебінің оқушылары мен ұстаздары қатысты. Бұл басқосу қаламгердің шығармашылық мұрасын дәріптеу, оның әдебиет пен қоғамдағы орнын айқындау мақсатында ұйымдастырылды. Жиын барысында Алдан Смайылдың өмір жолы, публицистикадағы ізденістері, әдебиеттегі өзіндік қолтаңбасы кеңінен сөз болып, жазушының шығармашылық жолындағы ерекшеліктерін талқылап, оның еңбектерінің жас ұрпаққа берер өнегесі жайында баяндамадар оқылып, пікір алмасты.
Жиналған қауым жазушының өмірі мен шығармашылық жолын бейнелейтін бейнеролик пен деректі материалды тамашалап, кітап көрмесімен танысты.
Қатысушылар жазушының шығармалары арқылы қазақ қоғамының рухани дамуына қосқан үлесін атап өтті. Әсіресе оның публицистикалық еңбектеріндегі ұлттық болмыс пен заманауи көзқарастың үйлесімі ерекше бағаланды.
Бұл басқосу қазақ әдебиетінің құндылықтарын дәріптеуге, жас ұрпақты рухани байлыққа баулуға бағытталған маңызды мәдени оқиға болды.
https://muzei-atasu.kz/kz/zhanaly-tar/179-aza-tilini-zhanashyry-d-gelek-steli.html#sigFreeId3d64ece503






