2 наурыз күні музейде кешегі Тәуелсіз Қазақстанның басына түскен нәубет, «Қаңтар қырғыны» кезінде Отанына берген антына адал бола білген, Отаны үшін жанын қиған, жерлес батырымыз, ІІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері – Аманов Айбат Ерболұлына арналған көрменің ашылу салтанаты өтті.
Көрменің ашылуына аудандық әкімшіліктен, ішкі саясаттан, мәдениет үйінен, сонымен қатар, ата-анасы, бауырлары, туған-туысқандары келді.
Аудан әкімінің орынбасары Қожықаев Қанат Шубайұлы кіріспе сөзін сөйлеп, жақындарына көңіл айтып, көрмені ашып берді.
«Қаралы қаңтардың» отына күйіп, ішкі сезімі өртеніп жатқан әке өзінің ұлына деген сағынышын білдіріп, туған жерінде, өлкесінде баласына арнап көрменің ашылып жатқандығына алғысын білдірді.
«Айбынды ұлан – Айбат» көрмесінің лентасын қию рәсімі: аудан әкімінің орынбасары – Қожықаев Қ.Ш., ауған соғысы ардагерлері қоғамының төрағасы – Нақыпов Б.Д., Айбаттың әкесі – Ербол мырзаға берілді.
Ашылу салтанатынан кейін дәстүрлі әнші, мәдениет қайраткері Жалын Сыздықов «Кешірші ана» әнін орындап, келген қонақтардың жүректерін тебірентпей қоймады. Көрмедегі ұлының заттарын көрген ана жүрегі езіліп, ұлына деген сағынышы, бейнесін бір көрсем деген үміті еріксіз жас болып жанардан тамды. Баласының естеліктерімен бөлісіп, музейдегі жәдігерге айналған ұлының жеке қолданыстағы заттарының мән-жайын баяндады. Әкесі мен анасы келер уақытта тағы басқа ер Айбаттың заттарын музей қорына тапсыратындары жайлы айтып өтті. Соңында музей басшысы Е.Шубаев көрмемен таныстырды.
https://muzei-atasu.kz/kz/zhanaly-tar/120-ajbyndy-lan-ajbat.html#sigFreeId9bd4a5024d