Отан алдындағы борышын ақтап, қанды қырғын соғысты тұншықтырып, ұрпағына бақыт әкелген ардагерлерімізге мың алғыс деп, 6 мамыр күні «Біз Жеңіс мұрагерлеріміз!» тақырыбында Сәкен Сейфуллин атындағы Жаңаарқа аудандық тарихи-өлкетану музейі 5-8 сынып оқушылары арасында шығармашылық жоба ұйымдастырды. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай өткен шараның басты мақсаты - Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ұрпақтары рухына бас иіп, ардагерлерге құрмет көрсетіп, Отанды қорғауға келген, майдан даласынан оралмаған, тылдағы жанқиярлық еңбегімен Ұлы Жеңіске қол жеткізген адамдар туралы естеліктермен бөлісу. Яғни, әр оқушы өз ата-тегіндегі соғыс ардагерлері, тыл еңбек ерлері туралы шығармашылық жобаларын қорғайтын болды.
Ананы баласынан, ағаны бауырынан айырып, мыңдаған боздақтарды жер жастандырып, бөтен елдің топырағын бұйыртқан зұлмат соғыстың өлшемі адам өмірімен, тағдырымен бағаланды. Міне осынау өте қымбатқа түскен жеңістің аяқталғанына 80 жыл толып отыр. Біздің ата-бабаларымыз майданда соғысып, тылда еңбек еткен тыл еңбеккерлері, жеңіс үшін бар күшін салды. 1,2 миллионнан астам қазақстандық майданға аттанды, олардың жартысына жуығы оралмады.
Ұлы Жеңісті жақындатуға Жаңаарқа елінің халқы да зор үлес қосты. Жаңаарқа ауданы бойынша майданға 3189 жауынгерлеріміз шақырылып, олардың 1157-сі қаза тауып немесе хабарсыз кетті. Осынау ауданымыздан шыққан ардагерлердің есімін ұлықтап, кеңінен насихаттау мақсатында оқушылар түрлі тақырыппен жоба қорғады. Жобаға қатысушы оқушылар:
- Б.Амалбеков атындағы тірек мектебінің 7-сынып оқушысы – Ермекбай Еркеназ, жетекшісі – Дүйсенов Жеңіс Жолкенұлы «Батыр майдангер – Садуов Хамит»;
- Е.Шаханов атындағы тірек мектебінің 8-сынып оқушысы – Маратқызы Сағыныш, жетекшісі – Мұқашев Нұртілек Бекболатұлы «Ғибратты ғұмыр»;
- А.Сейдімбек атындағы ЖББ мектебінің 5-сынып оқушысы – Мұратбек Хамза, жетекшісі – Сүлейменова Асель Болатқызы «Атамның атымен мақтанамын»;
- Е.Шаханов атындағы тірек мектебінің 7-сынып оқушысы – Азиза Қабидолла, жетекшісі – Нұргүл Шамаева «Жеңіс – ерлік жемісі»;
- №1 мектеп-лицейінің 7-сынып оқушысы – Ардақ Омар, жетекшісі – Рыспекова Жадыра Жәнібекқызы «ҰОС жауынгері – Ибраһим Жұмабеков»;
- Ынтымақ ЖББ мектебінің 7-сынып оқушысы – Дәулетбай Маржан, жетекшісі – Мыңжасарова Ғайнижан.
Оқушылардың еңбектеріне әділ баға беріп, қазылық еткен: музей басшысы – Шубаев Ерболат Берікұлы, Жаңаарқа аудандық білім бөлімінің бас маманы – Акимова Асылхан Маратқызы мен С.Сейфуллин атындағы орталықтандырылған кітапханасының кітапханашысы – Тұрдалы Аружан Рысқалиқызы.
Жаңаарқа өлкесінен майдан даласына аттанып, сұм соғыстың азабы мен қиыншылығын қара нардай қайыспай көтерген, халықтың бір-біріне деген адалдығының, қайраттылығы мен қайсарлығының арқасында «Жеңіс күніне» жетіп, елге аман-есен оралған аталарымыз бен әкелеріміздің ерлігің келер ұрпаққа насихаттау басты мақсатымыз. Осы мақсатта өз шығармашылық жобаларын оқушылар сәтті, нақты, жоғары дәрежеде орындап шықты. Тарих шежіресіне үңіліп, сол жылдардағы халық басына түскен қиындықты, соғыс ардагерлерінің өмір тарихына шолу жасады.
І дәрежелі дипломмен – №1 мектеп-лицейінің 7-сынып оқушысы – Ардақ Омар марапатталса, ІІ дәрежелі дипломмен – Ынтымақ ЖББ мектебінің 7-сынып оқушысы – Дәулетбай Маржан, ІІІ дәрежелі дипломмен – А.Сейдімбек атындағы ЖББ мектебінің 5-сынып оқушысы – Мұратбек Хамза жеңіске жетті.
https://muzei-atasu.kz/kz/zhanaly-tar/129-biz-zhe-is-m-ragerlerimiz.html#sigFreeId6f26fdb7f8