22 қаңтар күні музейде ҚР Тәуелсіздігінің 35 жылдық мерейтойына орай дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Шараға А.Сейдімбек атындағы ЖББМ 8-сынып оқушылары мен Сәкен Сейфуллин атындағы ОКЖ қызметкерлері қатысты.

Шара барысында негізгі көтерілген тақырып - өлкеміздің осынау жылдар ішінде өркендеп, өсуі болды. Ауданның 90 жылдығы мен Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына орай ұйымдастырылған 2019 жылғы ауданымызда өткен кең ауқымды әлемдік тарихи шара, Гиннестің рекордтар кітабына ресми түрде тіркелуі - “Мың күбі”,  өңірге тән ұлттық нақыштағы 500 шапан тігіп, Қазақстан рекордтар кітабына енуінен бастау алған шара, осынау жылдар ішінде оқушылар үйі, мектеп-лицейі, өнер мектебі, жаңа спорт мектебі, тәуелсіздік саябағы мен Сәкен Сейфуллин атындағы саябақ, Тәуелсіздік аллеясы мен “Мәңгілік ел қақпасы”, бассейн, спорт комплексі және  т.б. көптеген мәдени-білім ошақтары мен ескерткіштердің бой көтеруі турасында өтті.  

Ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы жақсы дамып, түрлі бағыттағы кәсіпорындардың жұмысы сөз етіліп, шара қонақтары түрлі сергіту сәтінің тапсырмаларын орындады. Атап айтқанда, "Болашаққа хат", Рәміздерге талдау жасау, “Сиқырлы қоржын” сұрақ-жауап т.б. сынды тапсырмаларды орындады. Кітапхана қызметкерлері ұсынған "Тәуелсіздік - елдің тұғыры" кітап көрмесі мен музей қызметкерлері ұсынған "Жаңаарқа Тәуелсіздік жылдарында" көрмесі қонақтардың назарына таныстырылды. Тақырыптық баяндамалар оқылып, шара соңында музей залдарына экскурсия жүргізілді.

Іс-шараның мақсаты - Жаңаарқаның Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріне тоқталып, оқушыларға Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні туралы тарихи тұрғыдан мағлұмат беру. Елдің өткені мен болашағын тануға, ата-баба аманатына адал болуға тәрбиелеу.